top of page

Мектеп тарихы

    Тамырын тереңнен тартқан Қазалы қаласындағы шығыстың жарық жұлдызы атанған Ғани Мұратбаев атындағы №17 мектептің,  білімнің қара шаңырағының, ұрпаққа келешектің көкжиегіне көз тіккізіп, кемеліне көзайым болған оқу орнының ғасырға жуық тарихы бар.  Білім ордасы     1918 жылы қазан айында ашылып,  онда 50-60 бала оқи бастады. Ол кездегі мектеп Бебель мен Луначарский көшелерінің бұрышындағы жай екі бөлмеге орналасты. 
     1927 жылға дейін оқу орны  бастауыш мектеп болған. Мектеп   1927-1928 оқу жылынан бастап жеті жылдыққа айналып, оқушы саны арта бастаған. Педагогикалық техникум бітірген жас мамандар Ә.Қайнарбаев, А.Қожақов және Б.Әбдіқадыровтар кеңес педагогикалық мектебінен шыққан  бірінші педагогикалық кадрлар еді. Жас педагогтар, әсіресе, комсомолдар жұмысын қолға алып, аудандық комсомол ұйымымен тығыз байланыста жұмыс жасады. Әуесхан Қайнарбаев сол жылы мектептің оқу ісі жөніндегі меңгерушісі қызметін атқарған. 
        Мұнда ілкімді дүниенің інжу-маржанын ілім мен ғылымнан іздеген қазақтың сан мыңдаған баласының арманын аялап, үмітін үкілеген өмірін өнегемен өрнектеген талай тамаша жандар еңбек етті. Олардың қатарында К.Айманов,  Б.Бәймішев, Ә.Айбосынов, М.Жанұзақов, С.Ідірісов, К.Қонысбаев, Д.Мамытбаева, 
Б. Мергенбаев, З.Соловьева, Ә.Ермекбаев, Ә.Игіліков,  М Есмамбетов,  Г.Файзуллиналар болды. Осы ұлағатты ұстаздардың  ішінен     Б.Мергенбаев, З.Соловьева,  Г.Файзуллина сынды ұстаздар  үздіксіз жұмыстары үшін Ленин орденімен марапатталған. Кейін З.Соловьева мен Б.Мергенбаевқа «Қазақ ССР–іне еңбегі сіңген  мұғалімі» атағы берілген. 
    1936-1937 жылдары мектептің материалдық базасы төмен болуына байланысты оқушылар Москвадағы қазақ уәкілдігіне хат жазып, физика, химия, биология пәндеріне керекті құралдар алады.  Мектеп 1936 жылдан бастап 10 жылдық білім беретін орта мектепке айналған соң, оқушылардың да, сыныптардың  да саны көбейе бастады. 
    1938 жылы  Кенжалы Айманов Алматыдағы Қазақ педагогикалық институтын бітіріп, мектеп директоры болып қызметке  келген. 1939 жылы 10 жылдық мектепті бірінші рет 11 оқушы бітірген. Олармен бірге К.Айманов Отанымыздың астанасы Мәскеуге саяхат жасап, сол сапарында мектепке қажетті  көрнекі құралдар алып қайтқан. Бірінші бітірушілердің қазір қайда екенін іздестіргенімізде 11 адамның екеуі бар екенін білдік. Қалғандары Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза тапқандығы анықталды.
  1940 жылы мектепті екінші рет 10 бала бітірсе, олардың бірсыпырасы  әр түрлі жауапты жұмыста болған. Солардың бірі - Есетов Тәкей ККП аудандық, облыстық комитетінің бірінші хатшысы, кейіннен Қазақ  ССР жоғарғы Кеңесінің депутаты болған.
      1958 жылдардың  басына дейін мектеп  көрнекті қайраткер В.И.Молотов атымен аталса, ал 1959 жылдан бастап мектеп шығыс жастарының жалынды жетекшісі, жерлесіміз Ғани Мұратбаевтың есімімен аталып келеді.
       Қазалы қаласы тұрғындарының көбеюіне байланысты 1991 жылы жаңадан орта мектеп ашылып, оған қазақ әдебиетінің сыншысы, жерлесіміз Қ.Нұрмахановтың есімі берілді. Осы мектепті оқушылармен толықтыру  үшін  Ғ.Мұратбаев атындағы орта мектеп оқушылары мен ұстаздарының бір бөлігі жаңа мектепке ауысты.

Мектеп директорлары

Ардагер ұстаздар

Мектеп мақтаныштары

Пайдалы сілтемелер

© 2021 "Ғ.Мұратбаев атындағы № 17  орта мектебі" коммуналдық мемлекеттік мекемесі.

Барлық құқықтар қорғалған және сақталған. Сайттан мәлімет қолданған

жағдайда түпнұсқаға сілтеме болуы міндетті

  • Facebook Social Icon
  • Twitter Social Icon
  • Google+ Social Icon
  • YouTube Social  Icon
  • Pinterest Social Icon
  • Instagram Social Icon
© Copyright
bottom of page